РАМАЗАНДА ЖАСАЛҒАН АМАЛДАРДЫҢ САУАБЫ ЕСЕЛЕНЕДІ!
Ораза ұстаған адамның бір амалы он амалға, я бір жақсылығы жүз жақсылыққа пара-пар келуі әбден мүмкін! Себебі, адамзаттың ардақтысы болған Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласының әрбір игі ісі еселенеді, ал игі іс үшін берілетін ең аз сый он есе болады, бірақ жеті жүз есеге дейін де көбеюі мүмкін...» - дейді. (Муслим). Әрі Алланың мейірімділігі сондай, Ол Құранда: «Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де, олар зұлымдыққа ұшыратылмайды» («әл-Әнъам» сүресі, 160-аят), - деп жақсылық жасаған адамның жақсылығын да, сауабын да көбейтетінін, ал жаман істерін саны бойынша көбейтпей, тек сол істегеніне сай ғана жазалайтынын айтқан. Сондықтан да ғалымдар: «Мұсылман мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалуы керек және Аллаға ұнамды амалдар жасап, жаман істерді тастауы қажет, бәлкім Аса Құдіретті және Ұлы Алла оны рақымына бөлеп, амалдарын қабыл етер және оған туралықты ұстануды нәсіп етер!» - дейді.
